Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл Қызылордада есептегі 12 сотталған қайтарымсыз грант ұтып алды

Биыл Қызылордада пробация есебіндегі 12 сотталған қайтарымсыз грант ұтып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті аудандық және қалалық пробация қызметтерінің есебінде мыңға жуық сотталған азамат тұр. Осы азаматтар арасында жеке кәсіп ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған сотталғандар бар. Жуырда 12 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды. Олардың бірі мал шаруашылығымен айналысуға қаражат алса, енді бірі көлік жөндеу орталығына қажетті құралдарын алған.

Олар пробациялық бақылауға тіркелген күннен бастап, кәсіп ашуға ниетті екендіктерін білдірген. Пробация инспекторларының көмегімен құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, құжаттары жинақталып, жергілікті атқарушы органдарға жіберілген. Алдымен «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негізінде Атамекен кәсіпкерлік палатасында оқытылған. Одан соң өздері бизнес жоспарларын дайындап, комиссия мүшелеріне ұсынған, нәтижесінде бизнес жоспарлары мақұлданып, олардың әрқайсысы 1 476 800 теңге көлемінде мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант ұтып алды.

Солардың бірі А.есімді азамат мемлекеттен алған қайтарымсыз қаражатқа ірі қара мал алған. Мал басын көбейтіп, сүт өнімдерін сатсам дейді.

– «Мал баққанға бітеді» деп атам қазақ айтпақшы, қандай бейнетті кәсіп болса да, бар ынта жігеріңді осы кәсіпке арнасаң, жақсы нәтижеге қол жеткізесің дейді. Талпыныс болса бәрін де жеңуге болады. Сондықтан алға қойған мақсатымнан бас тартпай жақсы кәсіпкер болып, халқыма пайдамды тигізіп, отбасымды асырып отсам, одан артық бақыт бар ма?! Жеке кәсіп ашсам деген жоспарыма қолдау білдіріп, құқықтық көмек көрсеткен қалалық пробация қызметіне алғысым шексіз, – дейді есептегі азамат.

Ал екінші азамат көлік жөндеу, бояу сервисін ашқан. Өзінің айтуынша, кез келген көлікті жөндей береді. Көлікті жаңартып сырлап, дөңгелектерді желімдейді және дөңгелек қысымын өлшеу қызметтері де бар.

– Әзірге өзім жасаймын. Алдағы уақытта қасыма көмекші алсам деймін. Күніне шамамен 10-15 көлік тексеремін. Ең бастысы, халық көңілінен шықсақ болғаны, – дейді есептегі азамат.

Пробация қызметтеріне басшылық жасау тобының бас маманы Ғаламат Құлмановтың айтуынша, есептегі тұлғалардың мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алуларына жергілікті атқарушы органдардың бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізеді. Жыл басынан бері  12 адам қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Жауап қалдыру