Биыл Қызылордада ЖҚЕ бұзған 2239 жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды
Қызылордада жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 2239 жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Қызылорда қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері күнделікті күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда.
Қала аумағында азаматтардың арнайы жаяу жүргіншілер жолағынан емес, жолдың кез келген бөлігінен кесіп өтіп, апат тудыруға себепкер болуы мүмкін жайттар аз емес. Патрульдік полиция қызметкерлері жыл басынан жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзған 2239 азаматты анықтап, тиісінше заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырды.
Аталған жаяу жүргіншілер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 615-бабымен жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, заңнамаға сәйкес бұл құқық бұзушылық 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуға әкеп соғады.