Биыл СҚО-да криминалистер 1,5 мыңға жуық зерттеу жүргізді
Биыл СҚО-да криминалистер 1,5 мыңға жуық зерттеу жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Криминалистерді кейде "погон таққан ғалымдар" деп атайды. Олардың басты міндеті – қылмыс орындарынан заттай дәлелдемелерді анықтау, алу және оларды ғылым мен техниканың заманауи жетістіктерін пайдалана отырып зерттеу.
Өткен 9 айдың ішінде Солтүстік Қазақстан облысында криминалистер 1159 қылмыс орнын қарауға қатысты. Нәтижесінде 427 қол ізі, 263 трасологиялық із (аяқ киім, көлік, бұзу құралдары және т.б.), 148 биологиялық дәлел алынған. Дактилоскопиялық есептер базасы биылғы 9 айда 70 қылмыстың, соның ішінде 19 денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 8 автокөлік ұрлығы және 25 ұрлық дерегінің ашылуына мүмкіндік берді.

Криминалистикалық сараптамада заманауи технологиялар кеңінен қолданылады. Мәселен, бейнежазбаларды талдау және биометриялық белгілер арқылы тұлғаны анықтау жүйесі жыл басынан бері 18 күдіктінің тұлғасын анықтауға көмектесті.
Криминалистикалық бөлімшелердің күнделікті жауапты еңбегі сотта әділ дәлелдемелік базаны қалыптастыруда аса маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттерге сай, жаңа технологиялар қазіргі қазақстандық полиция қызметінде барған сайын маңызды орын алуда.
