Биыл теміржол бойында мал жайған 2 мыңнан астам азамат жауапқа тартылды
Жыл басынан бері теміржол бойында мал жайғаны үшін 2 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінде пойыздарды шұғыл тежеудің 1684 фактісі тіркелді, оның ішінде 262 факті теміржол бойында адамдардың болуына байланысты болса, 1284-і үй жануарларының кесірінен тіркелген.
Көлік полицейлері ауыл шаруашылығы жануарларының иелерімен ұдайы әңгімелесулер өткізіп, рейдтер жүргізеді, жадынамалар таратады, оларды мұқият болуға шақырады. Профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілгенімен, әлі де болса, тұрғындар тарапынан құқық бұзушылықтар саны азаймай отыр. Салдарынан осы жылдың 9 айында көлік полицейлері теміржол белдеуінде мал жайғаны үшін 2106 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Жыл сайын мың басқа дейін сиырлар, жылқылар, қойлар т.б. үй жануарлары пойыздардың астына түседі. Локомотивпен соқтығысқанда бір мезгілде 10-нан астам мал өлетін жағдайлар бар.
Мәселен, 30 қыркүйек күні Жаңажол – Смирново айналымында Алматы-Петропавл жолаушылар пойызының машинисі теміржол бойында жануарлардың болуына байланысты шұғыл тежеу жасаған, алайда соқтығыстың алдын алу мүмкін болмады. Пойыздың тоқтауы 14 минутқа жалғасты.
Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру барысында теміржол белдеуінде мал жаю ережесін бұзғаны үшін үй жануарларының иесін анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ол Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының 45 жастағы тұрғыны болып шықты.
Теміржол – қауіпті аймақ. Пойыздың ірі қара малмен соқтығысуының әрбір оқиғасы қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Осыған орай, көлік полицейлері үй жануарларын қараусыз қалдыруға және оларды теміржол арқылы арнайы бөлінген жерлерден тысқары жерлерде, сондай-ақ қараңғыда және нашар көрінетін жағдайда өткізуге тыйым салынғанын еске салады.