«Біз «нөмірден қателестіңіз» демейміз»: ақтөбелік полицей-кезекші қызметі жайлы айтып берді
Театр киім ілгіштен басталса, полиция кезекші бөлімнен басталады. Себебі кезекші бөлім – полицияның келбеті. Ақтөбе облысындағы Қобда ауданы полиция бөлімінің аға инспектор-кезекшісі Жәнібек Саренов мұндағы күнделікті қарбаласқа әбден үйренген. Polisia.kz сайты қиындығы мен қызығы қатар жүретін Жәнібектің қызметі жайлы ақпарат ұсынады.
Тәулік бойы азаматтардың өтінішін қабылдау мен дереу көмек жіберу полиция қызметкерінің күнделікті атқаратын жұмысының бір бөлігі ғана. Әртүрлі эмоционалдық күйдегі, кейде есеңгіреп, енді бірде қорқып қалған жандардан алғашқы мәліметтерді ала білу, оларды тыныштандыру, қайғысын түсіну, полиция жасағын дереу жолдау – оның әдеттегі жұмысы. Кезекші тәулікте қылмыстың бірден ашылуы кезекшінің кәсібилігі мен қырағылына тікелей байланысты.
2020 жылы кезекші бөлімге қызметке келген алғашқы күндердің өзінде Жәнібек Саренов кісі өлтіру қылмысының «ізін суытпай» ашуды ұйымдастырған. Бұл күні кезекші бөлімге бір жігіт хабарласып, ауылда тұратын әкесінің үйіне барғанда өгей анасын көрмегендіктен, күдіктенгенін айтқан. Азаматтың күдігіне бейжай қарамаған Жәнібек мекенжайға дереу жақын маңда жүрген полиция жасақтарын жолдаған. Үй иесі жұбайының төркіндеп кеткенін айтып, қанша жалтарғанымен, күдігі сейілмеген кезекші барлық уәкілетті қызметкерлерді жұмылдырып, нәтижесінде үй иесінің өз жұбайын өлтіргені анықталған.
Енді бірде «102» нөміріне телефоннан кішкентай балақай хабарласып, «әкем анамды ұрды» деп айтып үлгерген. Телефонға дереу қайта қоңырау шалғанда, анасы көтеріп, бәрі жақсы екенін, баласы телефонды ойнап отырып, байқамай хабарласқанын айтқан. Баланың даусының шынайылығына сенген аға инспектор-кезекші Ж.Сәренов сонда да мекенжайды біліп, учаскелік инспекторды жіберген. Нәтижесінде балақайдың әкесі расында анасын ұрып-соққаны уақытылы анықталып, тиісті шаралар қабылданған.
– Кезекші бөлімге адамдар әртүрлі сұрақтармен, кейде тіпті қателесіп хабарласып жатады. Біз еш уақытта оларға «нөмірден қателестіңіз» демейміз. Мәселенің мән-жайын біліп, көмек көрсетуге тырысамыз. Мысалы, көбіне жедел жәрдем шақырмақ болған қарт адамдар қателесіп бізге қоңырау шалады. Сондай кездері біз бірден олардың мекенжайын біліп, жедел жәрдем жібереміз, – дейді тәртіп сақшысы.
Жәнібектің айтуынша, әрбір полицей-кезекші аудандағы жедел жағдайды жетік білуімен қатар, жергілікті жердің ерекшеліктерін, сай-саласы мен тау-тасына дейін хабардар болу қажет. Мысалы, оның тәжірибесінде далалықта жүріп адасып хабарласқан бақташы да, боранда көлікпен жолда қалып көмек сұраған жолаушылар да болған. Аумақты жетік білуінің арқасында кезекшіліктегі полицей олардың жүрген жерін дәл анықтап, уақытылы көмек көрсеткен.
– «102» нөміріне түсетін телефон қоңырауларына тынбай жауап беріп бейімделгенім сонша, үйде болған кезімде де телефон соғып жатса, бәрінен бұрын бірінші болып жүгіремін. Тіпті бірде үйде ұйықтап жатқанда телефонымды «кезекші бөлім» деп көтеріппін, – дейді полицей.