Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Блокбекеттер, рейдтер, мобильді тексерулер: Алматы облысында есірткіге қарсы күрес белсенді жүргізілуде

Алматы облысында есірткі қылмысына қарсы күрес белсенді жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Қарасора - 2025" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы мен "STOP есірткі" акциясы аясында Алматы облысының аумағында есірткі қылмыстарын анықтау және кесу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жол-патрульдік полициясымен және Алматы көлік прокуратурасымен бірлесіп, республикалық маңызы бар автожолдарда бірқатар профилактикалық және рейдтік іс-шаралар өткізді. Әсіресе "InDriver" мобильді қосымшасы арқылы жүк тасымалдайтын жүргізушілерге ерекше назар аударылып отыр.

Облыс аумағына кіріп-шығу бағыттарын қатаң бақылау мақсатында екі бірдей түнгі жылжымалы блокбекет қойылды. Полицейлер сол арқылы көліктерді тексеріп, күдікті бағыттарды бақылауға алып, есірткі заттарын тасымалдау арналары бойынша жедел ақпараттарды пысықтайды.

– "Қарасора - 2025" аясында кең көлемді жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсатымыз – заңсыз есірткі айналымын анықтап, жолын кесіп, жеткізу арналарына тосқауыл қою, сондай-ақ облыс аумағында есірткі қылмыстарының алдын алу, – дейді полицейлер.

Есірткіге қарсы күрес тәулік бойы жалғасуда. Құқық қорғау органдары азаматтарды белсенділік танытып, есірткіге қатысты құқық бұзушылықтарды полицияға хабарлауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру