БҚО-дағы аудандардың бірінде полиция бөлімі күрделі жөндеуден кейін ашылды
Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында полиция бөлімінің екі қабатты жаңа ғимараты қолданысқа берілді. Бұл аудан облыс орталығынан 600 км жерде орналасқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев және БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Абылайхан Серіков полиция бөлімінің жаңа ғимаратында болды. Олар жаңа ғимаратты аралап, кезекші бөлімнің жұмысымен танысты.
Арнайы іссапармен келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысының өңірді дамыту мәселелеріне қатысты барлық тапсырмасы ерекше бақылауда екенін және ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында қабылданып жатқан шаралар аумақтағы криминогендік ахуалды тұрақтандырып, бақылауда ұстауға өз септігін тигізетіндігін атап өтті.
Айта кету керек, Бөкей ордасының тарихы сонау 1801 жылдан басталады. Орда ауданы ретінде (бұрыңғы атауы) – 1928 жылы құрылған. Сол жылдан бастап Орда ауданының милициясы болып құрылған. Өкінішке орай ішкі істер жөніндегі халық комиссариаты құрылғанға дейін аудандық милиция бөлімін басқарған тұлғалар туралы мәлімет жоқ. Бұл жерде ішкі істер жөніндегі халық комиссариаты бөлімі 1939 жылы құрылған. Алғаш басқарған басшысы Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органының ардагері Успанов Сулаш Нығметұлы болған екен.
Аталған әкімшілік ғимарат 1980 жылы салынған. Кірпіштен тұрғызылған екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы 556,7 метрді құрайды. Осы жылы күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті, яғни ғимараттың сыртқы келбеті жаңартылып, есік -терезелері ауыстырылды. Сондай-ақ инженерлік желілер жаңартылып, электро сымдары толығымен ауыстырылды, жаңа жиһаздармен, компьютерлік құралдармен жабдықталып, тұрмыстық техникалары берілді. Ғимараттың айналасына жарықшамдар орнатылып, ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Барлық бөлме бейне бақылаумен қамтамасыз етілген.
Қазіргі уақытта полиция бөлімінде штат бойынша 41 қызметкер бар. Олар өз қызметтерін қалтқысыз орындап келеді. Бөкей ордасы ауданы – туристік мекен. Мұнда жердің түкпір-түкпірінен қонақтар көптеп келіп жатады. Соған сәйкес алдағы уақытта аудан орталығындағы көшелерде орналасқан бейне бақылаулар жаңа полиция бөлімінің ғимаратына қосылып, тәртіпсіздіктің алдын алуға толықтай мүмкіндік алды.