Қатарынан оза шапқан қызылордалық жас тергеуші
«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін», – деп Мағжан ақын бекер жырламаса керек. Мағжандай бабаларының үмітін ақтап жүрген полицей Мағжан туралы бүгін Polisia.kz сайтының редакциясы айтып береді.
Мағжан Махсатов жас болса да өзінің жұмысына деген жауапкершілігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында қатарларынан оза шауып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген өз ісінің майталманы. Ол Қызылорда қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі болып қызмет атқарады.
Мағжан Махсатов 2001 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Мектепті жақсы тәмамдаған ол бала кездегі арманын іске асыру үшін заң саласын таңдап, Қазақстан Республикасы Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсіп үздік бітірген.
2023 жылдың мамыр айында Қызылорда қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі лауазымына тағайындалған күннен бастап тыңғылықты жұмысы мен кәсіби деңгейінің арқасында ұжым арасында абыройлы, жұмыс іскерлігі биік, үлгілі дәрежеде қызмет атқарып келеді.
Оның бірден-бір дәлелі – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен бекітілген тергеушілердің жеке рейтингін анықтау әдістемесін бекіту туралы бұйрығына сәйкес, 2024 жылдың 4 айында өндірісіндегі қылмыстық істерге барынша процестік шешім қабылдап, заңды баға берген ол ұшқыр ойымен, зеректігімен оңтайлы көрсеткіштерге қол жеткізіп, қырағылығымен көріне білді.
Жас тергеушінің тәлім-тәрбиесі, ұшқан ұясы жайлы тоқтала кетсек артық етпес. Ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби «Адамзатқа әуелі тәрбие берулі керек, тәрбиесіз берілген білім қоғамға апат алып келеді деген даналық сөзі осы кезде ойға оралады.
Әкесі – Мақсат Жұбаныш «PSI ENGINEERING» ЖШС мекемесінде көлік механигі болып абыройлы қызмет атқаруда. Анасы – Әлия Жұбаныш «Отбасы банккінде» халыққа қызмет көрсетіп, елдің алғысына бөленіп жүрген жан.
«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Мағжан үйде берген тәрбие мен білімін ұштастыра отырып, іскерлік қызмет барысында адамдармен тіл табысып, олардан жауап алу барысында өзіндік стилін қалыптастырып, адам өміріне қасақана ұйымдастырылған (бұзақылық, алаяқтық, тонау, қарақшылық және тағы да басқа) қылмыстарды тергеуде оң шешімін тауып жүрген маман.