«Бомба қойылған»: Ақтөбе облысы ПД поштасына жалған хабарлама келіп түсті
Ақтөбе облысы ПД поштасына оқу орындардың ғимараттарына бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама келіп түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
31 мамыр күні сағат 12:30 шамасында Ақтөбе облысы Полиция департаментінің электрондық поштасына оқу орындардың ғимараттарына бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Барлық шұғыл қызметтер мен саперлер тобы дереу оқиға орнына шықты, ғимараттарды жарылғыш құрылғылардың болуына тексеру ұйымдастырылды. М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Қ. Жұбанов атындағы АӨМ университеті, ЭжСУ және М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының студенттері, оқытушылары және жұмысшылар шығарылды. Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ.
Полиция департаменті анонимді хабарламалардың авторын анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізуде.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабымен (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.