Бөтеннің «КАМАЗын» айдап кеткен ауыл тұрғыны ұсталды
Павлодар облысының Ертіс ауданының полицейлері «КАМАЗды» айдап әкету қылмысын ізін суытпай ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті тұрғын Ертіс ауданының полиция бөліміне белгісіз адамның «Камаз» маркалы жүк көлігін айдап әкеткені туралы арызбен жүгінді.
Ер адамның айтуынша, автокөлік танысының ауласында тұрған.
Жәбірленушінің ішкі істер органдарына дер кезінде жүгінуінің, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жедел іс-әрекеттерінің арқасында аталған қылмыс «ізін суытпай» ашылды. Көлікті айдап әкеткен ауыл тұрғыны болып шықты, оның мас күйде болғаны анықталды. Ұрланған автокөлік заңды иесіне қайтарылды.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы (автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.