Бөтеннің көлігін мініп, апатқа түскен адам құрықталды
Түркістан облысы полицейлері өзгенің көлігін айдап кетіп, онымен жол-апатын жасаған тұрғынды ұстады,-деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың 23-қаңтары түнгі сағат 23:45-тер шамасында
Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын шағым түсірген.Жәбірленушінің айтуынша, ол ауыл көшелерінің бойында орналасқан азық-түлік дүкеніне 5 минутқа кіріп-шықпақ болып, көлігін ашық тастап кеткен,алайда шыққан мезгілде көлігі орнында жоқ болған.
Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 800 000 теңгені құрады.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп,Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы («Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу») бойынша тіркелді. Орын алған қылмысты тез арада ашу, күдіктіні ұстау мақсатында Түркістан облысы ПД ЖПҚ ППБ 2-взвод қызметкерлері және Түлкібас АПБ-нің жедел уәкілдері мен учаскелік полиция инспекторлары жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Көрген- білгендерден сұрастырды, ауылдағы әрбір көшеде мұқият тексеру жұмыстары жүргізіліп, шұғыл әрекеттер жасалды. Нәтижесінде арадан 20 минут өткеннен соң, тәртіп сақшылары оқиға орнынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан 2 көшенің қиылысында жоғалған көлікті бағанаға соғылған жерінен тапты. Көлікті айдап кеткен азамат, жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында күдікті сол сәтте мас халде болғаны анықталды.Сондай-ақ есігі ашық тұрған көлікті үйіне жетіп алу мақсатымен айдап кеткенін, ішімдік ішкені салдарынан көлікті дұрыс басқара алмай, бағанаға соғылғаны белгілі болды.
Күдікті қамауға алынды. Көлікке «тауарлық сараптама» тағайындалды. Өз кезегінде, өзінің немқұрайлылығы салдарынан көлігін жоғалтып, полицейлер көмегімен қайта тапқан тұрғын тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға көліктеріңізге, бағалы заттарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Қашанда қажетті сақтық шараларын қолданыңыздар. Егерде осындай жайттың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.Себебі, уақытында келген ақпараттармен қылмыстың «ізін суытпай» ашуға толық мүмкіндік бар.