Бөттеннің үйіне заңсыз кіріп, қомақты қаражатты қолды еткен шымкенттік құрықталды
Шымкент полицейлері бөтеннің үйіне терезеден заңсыз кіріп, қомақты қаражатты қолды еткен күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, үйіне белгісіз біреу күндізгі сағат 12:00 шамасында терезе арқылы заңсыз кірген. Содан әлгі ұры үй ішінде болған 150 мың теңгені қолды етіп, «ізін суытқан».
Аталған деректі тәртіп сақшылары ҚР ҚК 188-бабымен (Ұрлық) тіркеп, жедел-іздестіру шараларына кірісті.
Оқиға орнына Абай АПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел жетіп, пәтер ұрысын іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылар аулаларды аралап, көрген-білгендерден жауап алды. Жақын аймақтарда орнатылған бейнебақылау камераларын жіті тексерді. Полицейлер жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, ұрлық жасаған ер адамды қала аумағынан ұстап, басқармаға жеткізді. Ол 47 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.