Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Боз кілемді бағындырған сақшы қыз Гүлмарал Еркебаева

Ішкі істер органдары қатарында 18 мыңнан астам әйел қызметкер бар. Олардың барлығы ер азаматтармен қатар темірдей тәртіпті ұстанып, антқа адал қызмет етіп келеді. Сақшы арулардың әр саладағы жетістіктері де аз емес. Солардың бірі – Гүлмарал Еркебаева, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Боз кілемді бағындырған бұл қыз - халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Спорттық мансабы Талдықорғандағы спорт мектеп-интернатында басталған. Бүгінде ол ғасырлық тарихы бар "Динамо" спорт ұйымының қатарында.

- Еркін күреске 7 сыныпта келген болатынмын. Одан кейін жас мөлшері бойынша өстік. Қазір ұлттық құраманың сапында жұмыс істейміз. Еркін күрестен, әйелдер күресінен Қазақстан чемпионатында ең соңғы рет бірінші орын алғанмын, - дейді ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі МКҚБ қызмет инспекторы Гүлмарал Еркебаева.

Күрестен Қазақстан біріншілігімен қоса, Азия мен әлемдік додаларда сәтті өнер көрсетіп, ел қоржынына талай жүлде салған. Погон тағып, офицер атанғанын мақтан тұтады. Әріптестеріне де шеберлік сабағын өткізіп, өзін-өзі қорғау мен ұрыс тәсілдерінен мастер-класстар жүргізеді.

- Әскери қызметкер болғанмын. 7 жыл Отанға қызмет еттік. Одан кейін 2025 жылдың аяғында осы ішкі істер органдарына ауыстым. Қай салада болмасын, елге қызмет ету - міндетіміз, - дейді ару.

Полиция аға лейтенанты әлеуметтік желіде белсенді. Жастар арасында салауатты өмір салтын ұстануды насихаттап, спорт әлеміндегі жаңалықтармен бөлісіп отырады.

- Көктемнің алғашқы мерекесі әйел адамдардың құлпырып, жайнап жүре берулерін тілеймін! Әрқашан да бақытты, сүйкімді, сүйікті, аяулы жар болып, ана болып, өз абырой-міндеттерін адал атқаруға тілектеспін! - деді спортшы қыз.

Гүлмаралдың жігері, таудай талабы мен талпынысы көпке үлгі. Ұжымда абыройы асқақ бұл арудың көк байрағымызды әлі талай көкке көтеретіні сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру