БҚИТУ құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлесіп заң білімін жетілдіру жолдарын талқылады
БҚИТУ құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлесіп заң білімін жетілдіру жолдарын талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің "Құқық" кафедрасы базасында 2025-2026 оқу жылына арналған оқу пәндерінің мазмұнын пысықтауға бағытталған академиялық факультет отырысы өтті. Ауқымды шараға факультет комитетінің мүшелерімен қатар, өңірдің жетекші құқық қорғау органдары мен кәсіби қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Жиынға Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, БҚО полиция департаменті, облыстық прокуратура және адвокаттар палатасының төрағасы сынды құрылымдардың мамандары арнайы шақырылды. Кәсіби қауым өкілдерінің кеңінен қатысуы болашақ заңгерлерді даярлаудың өзекті мәселелері мен даму бағыттарын жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында оқу үдерісін жетілдіру, практикалық сабақтар мен қонақ дәрістер ұйымдастыру, білім беру мазмұнын заманауи талаптарға сай бейімдеу бойынша бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Қатысушылар теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудың, студенттер мен тәжірибелі заңгерлер арасында тікелей байланыс орнатудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Отырыста түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі де кеңінен қаралды. Осыған байланысты ҚАЖ департаменті мен университет арасында түлектерді қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
ҚАЖД атынан сөз сөйлеген тәрбие және кадр жұмысы тобының бас маманы Салтанат Алимбаева ведомствоның университетпен әріптестікті жалғастыруға және жас мамандарды кәсіби қалыптасу жолында қолдауға әзір екенін жеткізді.
Айта кету керек, БҚО ҚАЖ департаменті академиялық факультеттің тұрақты мүшесі болып табылады және заң білімінің сапасын арттыру, құқықтық кадрларды даярлау ісінде университеттің сенімді серіктесі саналады.
Бұл форматтағы ынтымақтастық – білім беру мекемелері мен жұмыс берушілер арасындағы тығыз байланыстың, сондай-ақ теория мен практиканы тиімді ұштастырудың айқын көрінісі. Мұндай бастамалар өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үлкен серпін беретіні сөзсіз.