БҚО ауылында учаскелік полиция пункті ашылды
БҚО-да заң мен тәртіпті нығайтатын жаңа нысан пайда болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Аққозы селолық округінде учаскелік полиция пункті ашылып, ауыл тұрғындарының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды қадам жасалды.
Тәуелсіздік күніне орай Қоржын ауылдық мәдениет үйінің ашылу салтанаты аясында пайдалануға берілген жаңа нысандардың бірі – осы учаскелік полиция пункті. Аталған бастама ауыл халқының тыныштығын сақтап, құқықтық тәртіпті нығайтуға жаңа серпін бермек.
Салтанатты шараға Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов қатысып, тұрғындарды айтулы оқиғамен құттықтады.
Бұл күн Аққозы ауылы үшін тарихи әрі қуанышты сәтке айналды. Учаскелік полиция пунктінің ашылуы — құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және полиция қызметінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты әрі тиімді қадам.
Айта кету керек, 2024 жылы табиғи апат салдарынан ауыл тұрғындарының үйлері мен бірқатар әлеуметтік нысандарды су басып, елді мекен айтарлықтай зардап шеккен еді. "Әр қиындықтың қайыры бар" демекші, бүгінде Қоржын ауылында ауылдық әкімшілік ғимаратымен қатар учаскелік полиция пунктінің іске қосылуы — ел еңсесін көтерген игі бастамалардың бірі.
Жаңа полиция пункті тұрғындарға құқықтық көмекті жедел көрсетуге, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты нығайтуға қызмет етпек.
