БҚО бойынша ҚАЖД мекемесінде "Абай әлемі" атты рухани-танымдық іс-шара өтті
БҚО бойынша ҚАЖД мекемесінде "Абай әлемі" атты рухани-танымдық іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №74 мекеменің жеке құрамы "Абай әлемі" атты рухани-танымдық іс-шараға қатысып, ұлы тұлға Абай Құнанбайұлының өмір жолы, шығармашылығы мен рухани мұрасымен тереңірек танысты.
Бұл тағылымды шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, кемеңгер ойшыл, ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – Абай мұрасын әр қазақтың жүрегіне рухани азық ретінде сіңіріп, ұлт руханиятының алтын діңгегіне айналған шығармаларын жас ұрпаққа кеңінен таныстыру, терең меңгерту.
Шараны мекеменің кітапханашысы Гүлдана Ескалиева Абайдың "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым" атты өлеңімен ашып, тыңдаушыларды рухани әлемге жетеледі. Іс-шара барысында қызметкерлер Абай Бисенбаев, Ұлпан Ақай, Ақбота Ақдәулетова, Мәншүк Тугурова, Анастасия Кравченко белсенділік танытып, Абай шығармаларын насихаттауға өз үлестерін қосты. Жиын соңында Виктор Сугулов Абайдың 16-шы қара сөзін оқып, шараны түйіндеді.
Қатысушылар ұлы ақынның терең философиялық ойларына, даналыққа толы қара сөздеріне, поэзиядағы биік талғамына қанығып, рухани серпіліс алды. Абайдың мұрасы олар үшін адамгершілік пен парасаттың қайнар көзіне айналды. Іс-шара соңы Абайдың мәңгілік мәнін жоғалтпаған "Көзімнің қарасы" әнімен қорытындыланып, жиналғандарға ерекше әсер сыйлады.
Мекеме ұжымы алдағы уақытта да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, сондай-ақ ұлы тұлғаның мерейтойына арналған түрлі іс-шараларды ұйымдастыру арқылы рухани құндылықтарды дәріптеуді жалғастырмақ.