БҚО-да 21 ауыл ішімдіктен бас тартты
БҚО-да 21 ауыл ішімдіктен бас тартты – олардың 15-інде бірде-бір қылмыс тіркелмеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысында 21 ауылдық елді мекен спирттік ішімдіктерді тұтынудан және сатудан өз еркімен бас тартты. Бұл бастаманың оң нәтижесі көп күттірмей көрінді – олардың 15-інде есептік кезеңде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Алкогольден бас тартқан елді мекендер тізімі:
- Ақжайық ауданы – Жамбыл (Жамбыл а/о), Қарағай (Алғабас а/о)
- Жәнібек ауданы – Тегісшіл (Борсыл а/о), Жұмаев (Тау а/о)
- Казталов ауданы – Саралжын (Бірік а/о), Сарықұдық (Талдыпан а/о)
- Сырым ауданы – Жетікөл, Қосалар (Қосалар а/о), Абай (Сарой а/о)
- Тасқала ауданы – Жігер (Тасқала а/о), Ақкүтір, Қараой, Қызылбас (Ақтау а/о), Алмалы, Қалмақшабын, Кішіқұсақ (Қазақстан а/о), Талдыбұлақ, Еменжар (Чижин а/о), Қалмақ (Мереке а/о)
- Теректі ауданы – Ақсоғым (Ақсоғым а/о)
- Шыңғырлау ауданы – Ақсуат (Қарағаш а/о).
Бұл деректер салауатты өмір салты мен қоғамдық тәртіптің тығыз байланысын айқын көрсетіп отыр. Масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 43 азамат мәжбүрлі түрде емдеу мекемелеріне жіберілді.
ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы бойынша (Қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе мас күйде болу) 2049 хаттама толтырылды.
Сондай-ақ алкоголь өнімін тыйым салынған уақытта немесе 21 жасқа толмағандарға сатқан 66 дүкен иесі әкімшілік жауапқа тартылды.
Алкогольден бас тарту – бұл тек денсаулық кепілі ғана емес, жас ұрпаққа үлгі боларлық маңызды шешім. Мұндай бастамалар қоғамдық қауіпсіздік пен ел болашағына жауапкершілікпен қараудың көрінісі.