БҚО-да ағалы-інілі екі азаматты 5 млн теңгеге алдаған күдікті құрықталды
Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері бірнеше танысын сан соқтырған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдікті таныстарына бірнеше смартфон сатып алуды ұсынып, оларды бастапқы құнынан қымбат бағаға қайта сатуға болатынын айтқан. Ол телефондарды сатып алғаннан кейін несиелерін жауып, қалған ақшаны өзара бөлісетіндеріне сендірген.
Орал қаласының тұрғындары күдіктінің сөздеріне сеніп, үш IPhone 15 сатып алған және оған 2 миллион теңгеге жуық ақша берген. Телефондарды алған соң алаяқ «ізін суытып», жәбірленушілерді сан соқтырып кеткен.
Тергеу нәтижесінде жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығынның 5 миллион теңгеден астам екені анықталды. Қаржылық шығынға ұшырағандар туған бауырлар болып шықты.
Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды кез келген жағдайда сақ болуға шақырады.