БҚО-да ауыл тұрғынының үйінен есірткі табылды
БҚО-да ауыл тұрғынының үйінен есірткі табылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің Бөрлі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері республикалық "Қарасора" жедел алдын алу іс-шарасы барысында ауданға қарасты ауылдардың бірінде тұратын азаматтың үйіне тінту жүргізді.
Тінту кезінде тұрғын үйдің әр бөлмесінен өсімдік тектес заттар табылып, тәркіленді. Гараждан – көлемі 5 литрлік пластик шелек, үш полиэтилен қаптамаға салынған белгісіз өсімдік тектес зат, сондай-ақ тұқымдары бар қағаз орама алынды. Қорадан – өсімдік тектес заты оралған алты газет бумасы табылды.
Сонымен қатар үйдің шатырынан 10 литрлік пластик шелекте сақталған өсімдік тектес зат, тағы үш қаптамасы бар қап, 154 сіріңке қорабы салынған 10 литрлік пластик шелек және 338 сіріңке қорабы бар тағы бір шелек тәркіленді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.