БҚО-да азаматтарды қабылдайтын жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
БҚО-да Жаңақала ауданында полиция бөлімінде азаматтарды қабылдау және учаскелік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментіне қарасты Жаңақала аудандық полиция бөлімінде тұрғындарды қабылдауға арналған жаңа арнайы азаматтарды қабылдау және учаскелік полиция пункті өз жұмысын бастады.

Ашылу салтанатына БҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Олжас Ибрайымов арнайы қатысып, аталған бастаманың Мемлекет басшысының "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың маңызды бөлігі екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол бұл қабылдау пункті профилактикалық іс-шараларды тиімді жүргізуге және азаматтармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін айтып, жобаны іске асыруға қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне алғыс білдіріп, полиция жауапты қызметіне табыс тіледі.
Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері де қатысып, тәртіп сақшыларының атқарып жатқан жұмысына оң бағасын берді. Ардагерлер жаңа қабылдау пункті аудан тұрғындарының түрлі мәселелерін жедел әрі тиімді шешуге ықпал ететініне сенім білдіріп, оның ел игілігіне қызмет етуіне тілектестік білдірді.

Аталған қабылдау пункті алдағы уақытта халықпен ашық диалог орнатуға, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын уақтылы қарауға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды алаң болмақ.
