БҚО-да бет-жүзді тұмшалайтын киімдерге қатысты азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде
БҚО-да бет-жүзді тұмшалайтын киімдерге қатысты шектеулер бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киімдердің пайдаланылуына қатысты енгізілген жаңа заңнамалық талаптарды түсіндіру шараларын жүйелі түрде жалғастырып келеді. 12 шілдеден бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес, балаклава, медициналық мақсаттан тыс қолданылатын маскалар, никаб және бейнебақылау жүйелерінің тұлғаны тануына мүмкіндік бермейтін өзге де киім түрлерін қоғамдық орындарда киюге тыйым салынды.
Бұл талаптың негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қажет болған жағдайда тұлғаны жедел анықтау мүмкіндігін арттыру.
Полиция қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, енгізілген шектеудің барлық жағдайға бірдей қолданылмайтынын атап өтуде. Атап айтқанда, ауа райының қолайсыздығына байланысты бет-жүзді қорғау қажеттілігі туындаған кезде, медициналық көрсетілімдер бойынша, қызметтік міндеттерді атқару барысында, азаматтық қорғаныс іс-шаралары кезінде, сондай-ақ спорттық, мәдени және өзге де бұқаралық шараларға қатысу барысында мұндай киімдерді киюге рұқсат етіледі.
Сонымен бірге полиция өкілдері бұл талаптардың қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға, тәртіп сақшыларымен және мемлекеттік органдармен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталғанын түсіндіруде. Тәрбие-білім беру ұйымдарында, қоғамдық ұйымдарда және еңбек ұжымдарында арнайы кездесулер өткізіліп, азаматтарға заң талаптарын бұзған жағдайда туындауы мүмкін жауапкершілік түрлері жайында жан-жақты ақпарат берілуде.
Полиция тұрғындарды жаңа ережелерге түсіністікпен қарап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларға белсенді қолдау көрсетуге шақырады.
