БҚО-да есірткі жарнамасын анықтау және жою бойынша профилактикалық рейд өтті
БҚО-да есірткі жарнамасын анықтау және жою бойынша профилактикалық рейд өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін "Жастар Рухы" жастар қанаты БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп, есірткі жарнамасын анықтау және жою бойынша профилактикалық рейд өткізді.
Іс-шара барысында есірткі заттарын заңсыз жарнамалаған 6 нүкте залалсыздандырылды. Мұндай жазбалар есірткі таратушылардың байланыс мәліметтерін таратуға және жастарды заңсыз әрекеттерге тартуға пайдаланылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, есірткі жарнамасына қарсы күрес — есірткі қылмысының алдын алу және өскелең ұрпақты қорғау бағытындағы кешенді жұмыстың маңызды бөлігі. Осындай жазбаларды дер кезінде анықтап, жою жасөспірімдер мен жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылу қаупін азайтады.
Қала тұрғындарын азаматтық жауапкершілік танытып, аулалар мен көшелердің тазалығын сақтауға, сондай-ақ есірткі жарнамасы фактілері туралы тиісті органдарға жедел хабарлауға шақырамыз.
Тек бірлескен күш-жігердің арқасында жастардың өмір сүруі мен дамуына қауіпсіз әрі салауатты орта қалыптастыра аламыз.
