БҚО-да есірткіге мас күйдегі жүргізуші ұсталды
БҚО-да есірткіге мас күйдегі жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Мазда автокөлігін тоқтатты, оны 40 жастағы ер адам басқарғаны анықталды. Ұсталған адам жүргізуші куәлігінен айырылғанын мойындап, баласын мектептен алуға бара жатырғанын түсіндірді. Тексеру барысында биылғы жылдың шілде айында ол көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін жүргізу құқығынан айырылған.
Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің есірткіге мас күйде болғаны белгілі болды. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал автокөлік арнайы тұраққа жіберілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Аталған азаматқа бас бостандығын шектеу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру қаупі төніп тұр.
Айта кету керек, 1–7 желтоқсан аралығында Батыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғаларын азайту және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын алдын алу мақсатында "Қауіпті жүргізуші" республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. ЖПІШ-ның алғашқы күнінде мас күйдегі 2 жүргізуші ұсталды.
Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін сақтауға шақырады.
