БҚО-да Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры сотталғандар назарына сахналық қойылым ұсынды
БҚО-да Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы сотталғандар назарына сахналық қойылым ұсынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы ҚАЖ департаментіне қарасты №28 түзету мекемесінде ерекше мәдени шара өтті. Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы сотталғандар назарына "Қысқа ғұмыр" атты сахналық қойылым ұсынды.
Шараның басты мақсаты – сотталған азаматтардың рухани-адамгершілік тұрғыдан дамуына ықпал ету, олардың сана-сезімі мен құндылықтарына әсер ету арқылы оң өзгерістерге жетелеу. Театр әртістері сахнада өмірдің терең мәні мен күрделі тағдырларды шебер бейнелеп, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Қойылымды тамашалаған сотталғандар әртістерді зор ықыласпен қарсы алып, қойылым барысында ерекше ынта танытты. Спектакль аяқталғаннан кейін олар алған әсерлерімен белсене бөлісіп, көпшілігі бұл көріністердің жүректеріне терең ой салғанын жеткізді.
- Бұл қойылым маған өмірдің шынайы құндылықтарын еске салды. Өз қателіктерім туралы тереңірек ойлануға себеп болды. Осындай мүмкіндік бергендеріңізге алғыс айтамын, – деді сотталғандардың бірі.
Мекеме қызметкерлері мұндай мәдени іс-шаралардың моральдық-психологиялық ахуалға оң әсер ететінін, әрі сотталғандарды қайта әлеуметтендіру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Мұндай кездесулер олардың қоғаммен байланысын сақтап, мәдени ортадан алшақтамауына жағдай жасайды.
Мекеме әкімшілігі театр ұжымына рухани қолдау көрсетіп, өнер арқылы түзету процесіне үлес қосқандары үшін ризашылық білдірді.