БҚО-да кәсіпорын аумағынан кабель ұрлаған бір топ адам құрықталды
Бөрлі ауданының полиция қызметкерлері кәсіпорын аумағынан кабель ұрлау дерегін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шарасы аясында Бөрлі ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері кабель ұрлады деген күдікпен бір топ адамды ұстады.
Мамыр, маусым айлары аралығында белгісіз тұлғалар Бөрлі ауданындағы кәсіпорындардың бірінің аумағынан ұзындығы 33 метр болатын жерге тұйықталатын кабельді ұрлаған. Келтірілген материалдық шығын 200 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктілерді анықтап, ұстады. Тергеу барысында олар кінәларын мойындап, ұрланған мүлік тәркіленді.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
