Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да патрульдік полиция батальонында музей ашылды

БҚО-да патрульдік полиция батальонында музей ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті Орал қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонында арнайы музей ашылды. Музейдің ашылуына БҚО ПД бастығының орынбасары Ернар Сұлтанғалиев, БҚО ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Еділхан Жұмашев, қызмет барысында қаза болған қызметкерлердің отбасы мүшелері және сала ардагерлері қатысты.

Ашылу салтанаты ескерткішке гүл қою рәсімінен басталды, бұл кезде қызмет бабында қаза болған әріптестерін еске алды. Одан кейін музейдің лентасы қию рәсімі өтті. Іс-шараға қатысушылар музейдегі тарихи жәдігерлер мен патрульдік полицияның фото суреттері қойылған бұрыштарды тамашалап, көздеріне жас алды. Бұл музей патрульдік полицияның қызметкерлері үшін үлкен құрмет әрі олардың жанқиярлық қызметін еске алу үшін маңызды орын болып табылады.

Музейде патрульдік полицияның қызметін, тарихын және жетістіктерін көрсететін әр түрлі жәдігерлер қойылған. Мұнда қызмет барысында алынған фотосуреттер, арнайы құралдар, қызметкерлердің жұмысын бейнелейтін экспонаттар, сонымен қатар сала ардагерлерінің құнды естеліктері жинақталған. Музей ішіндегі экспозициялар полиция қызметінің тарихын, оның қиын әрі қауіпті қызметін, сондай-ақ ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы ерліктерін кеңінен ашады.

- Бұл музей – біздің батыр әріптестеріміздің еңбегін ұлықтайтын маңызды орын. Патрульдік полиция қызметкерлері әр күні қауіп-қатермен өтеді, сондықтан олардың еңбегін бағалап, естеріне алуға үлкен мән беруге тиіспіз. Қаза болған әріптестеріміздің отбасы мүшелеріне осындай құрмет көрсеткеніміз өте маңызды, — деп атап өтті БҚО ПД бастығының орынбасары Ернар Сұлтанғалиев.

Патрульдік полиция батальонының музейі Орал қаласындағы полиция қызметкерлері мен ардагерлерінің еңбегін, ерліктерін насихаттайтын және оларды еске алу мақсатында ашылған маңызды нысан. Осылайша музей қызметкерлердің рухын көтеріп, жас ұрпаққа полицейлік қызметтің жауапкершілігін және маңыздылығын түсіндіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру