БҚО-да полицейлер аударылған көліктен үш адамды құтқарып үлгерді
БҚО-да полицейлер аударылған көліктен үш адамды құтқарып үлгерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Желаев ауылына жақын жердегі жол бойында автокөлік аударылып, жол-көлік оқиғасы орын алды. Патрульдік автомашинамен сол жерден өтіп бара жатқан БҚО ПД патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Арман Сарабалинов пен қызмет инспекторы Александр Калиничев көлік апаты болған жерге дереу барып, көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысын көліктен шығарып үлгерген. Екі секундтан кейін автокөлік жарылды.
Тәртіп сақшылары кез келген сәтте көлік жарылып, өздерінің де зардап шегуі мүмкін екеніне қарамастан, адамдардың өмірін сақтап қалды.
– БҚО ПД патрульдік полиция батальонының экипажы қала сыртындағы трассаларда тәулік бойы қызмет етеді. 2021 жылдың 15 маусымында шамамен сағат 04.00-де қызмет барысында Чкалов көшесінің бойында LADA Kalina маркалы көлік аударылған. Сол жерде қызмет өткеріп жүрген патрульдік полиция қызметкерлері оқиға орнына жетіп, ондағы адамдарды шығарып үлгерген. Санаулы секунд ішінде көлік жарылып, өртеніп кетіпті. Батылдық танытып, адамдарды өлімнен арашалау үшін тәуекелге бел буған полиция қызметкерлерінің бұл әрекеті ерлік пен тең. Сондықтан басшылық атынан ынталандыру қарастырылуда, – деп айтты БҚО ПД ресми өкілі Болатбек Белгібеков.