БҚО-да полицейлер кешкі мектеп оқушыларын спорт кешеніне экскурсияға апарды
БҚО-да полицейлер кешкі мектеп оқушыларын спорт кешеніне экскурсияға апарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері ерекше әлеуметтік топқа жататын кешкі мектеп оқушыларына арналған тәрбиелік және алдын алу бағытындағы іс-шара ұйымдастырды.
Кешкі мектептерде әдетте әртүрлі өмірлік жағдайға байланысты күндізгі мектепте оқи алмаған, оқудан үзіліс жасаған, жұмыс істейтін, немесе тәртіптік есепте тұрған, мінез-құлқында тәуекелі бар жасөспірімдер білім алады. Бұл санаттағы оқушылар бос уақытын тиімді пайдалана алмаған жағдайда құқық бұзушылыққа бейім болуы мүмкін.

Осыған байланысты БҚО полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Олжас Ибрайымов кешкі мектеп оқушыларын Орал қаласындағы "Жайық арена" спорт кешеніне экскурсияға апарды. Шараның басты мақсаты — құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдерді пайдалы ортаға тарту және оларды қоғамға бейімдеу.
Экскурсия барысында оқушылар спорттың түрлі бағыттарымен танысып, заманауи жаттығу залдарын көрді, кәсіби жаттықтырушылардан кеңес алды. Жасөспірімдерге спорттың тек денсаулық емес, тәртіп, жауапкершілік пен заңға бағынудың да негізі екені түсіндірілді.

Сонымен қатар, кешкі мектеп оқушыларына "Жайық арена" спорт кешенінде кез келген спорт түрімен тегін айналысуға мүмкіндік берілді. Бұл — полицияның "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асырудағы нақты қадамы, яғни жазалау емес, алдын алу және қолдау көрсету арқылы тәртіп орнату.
Аталған бастама жасөспірімдердің салауатты өмір салтын қалыптастыруына, бос уақытын тиімді өткізуіне және қоғамға жат әрекеттерге бармауына ықпал етеді.
