БҚО-да полицейлер "Мобильді академия" жобасы аясында кәсіби біліктілігін арттыруда
БҚО-да полицейлер "Мобильді академия" жобасы аясында кәсіби біліктілігін арттыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 қазан мен 1 қараша аралығында Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары арнайы бастапқы оқыту, қайта даярлау және біліктілікті арттыруға бағытталған "Мобильді академия" жобасы курсына қатысуда.
Курстың мақсаты – полиция бөлімшелері басшыларының кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, басқарушылық қабілетін арттыру және құқық қорғау саласындағы тиімді қызметті ұйымдастыру бойынша заманауи білім беру.
5 күндік оқытуды ҚР ІІМ жеке құраммен жұмыс департаментінің ғылыми қызметкері Болат Каженов, сондай-ақ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының әкімшілік-құқықтық пәндер кафедрасының профессоры Майя Тоқсанова жүргізуде. Курс барысында тыңдаушылардың теориялық және практикалық дайындық деңгейін арттыру, құқықтық базамен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру, ұжым басқарудағы көшбасшылық қабілетін дамыту мәселелеріне басымдық берілуде.
Мұндай кәсіби бағыттағы оқыту ІІО қызметінің сапасын арттыруға, сондай-ақ қоғаммен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге зор үлес қосады.
