БҚО-да полицейлер оқушыларға ерекше форматта құқықтық сабақ өткізді
БҚО-да полицейлер оқушыларға ерекше форматта құқықтық сабақ өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастамасымен дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектеп-лицейінің оқушыларына ашық аспан астында ерекше форматтағы құқықтық сабақ ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және құқық қорғау органдарының қызметімен таныстыру арқылы болашақ мамандық таңдауға ықпал ету.
Сабақ барысында оқушыларға есірткі қылмысына қарсы күрес, киберқылмыстың алдын алу, криминалистика және кинология бағыттары бойынша ақпарат берілді. Атап айтқанда, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері есірткі заттарының зияны мен заңды салдарын түсіндіріп, қызметтік іздестіру итінің көмегімен арнайы көрсетілім өткізді.
Киберқылмыспен күрес басқармасы интернет-алаяқтықтың түрлері және одан сақтану жолдарын түсіндіріп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Криминалист мамандар жедел-криминалистикалық зертхананың жұмысымен таныстырып, заманауи зерттеу құралдары мен тергеу әдістерін көрсетті. Ерекше форматта өткен бұл сабақ оқушылардың қызығушылығын тудырып, құқық қорғау саласына деген танымын кеңейтті. Іс-шара оқушылардың кәсіби бағдарын қалыптастыруға оң әсер етті.