БҚО-да Полиция күні мерекесі атап өтілді
БҚО-да Полиция күні мерекесі атап өтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысында Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік шара Хадиша Бөкеева атындағы Қазақ драма театрында кеңінен аталып өтті. БҚО әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев өңірдегі полиция департаментінің ұжымын құттықтап, бірнеше қызметкерлерді марапаттады.
– Жанқиярлық қызмет пен антқа адалдығы үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Полиция қызметкерлерінің негізгі қасиеттері – жеке әдептілік, өз ісіне және антына адалдық. Сіздердің батылдықтарыңыз бен табандылықтарыңыз өңір тұрғындары қауіпсіздігінің сенімді кепілі болып табылады. Біз полиция жұмысында оң өзгерістерді көріп отырмыз. Полиция біз бәріміз көмек сұрап, өз құқықтарымызды қорғау үшін жүгінетін органға айналды. Еліміз Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап сіздер еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғап келесіздер, – деп атап өтті Мұхтар Манкеев.
Мереке күні қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің туыстары мен жақындары естелік сыйлықтармен марапатталды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өңірдегі 32 полиция қызметкері қаза тапты.
– Қазір БҚО Полиция департаментінде үш мыңнан астам адам қызмет етеді. Облыс тұрғындарының тыныштығы олардың үйлесімді және нақты жұмысына байланысты. Тәртіп сақшылары тұрғындарға әрқашан көмектесуге дайын. Бұл біздің басты – міндетіміз, – деді БҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Жанболат Жаншин.
Салтанатты шара аясында бірқатар қызметкерлер естелік сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ полицейлер кезектен тыс атаққа ие болды.
– Мен ІІО саласына қызмет етуге 24 жыл бұрын келдім. Құқық қорғау жүйесіндегі жаңа бағыттағы жаңғыртулар біздің жұмысымыздың сапасын жақсартты. Қазір өңірде 10 модульді полиция бекеттері ашылды. Оның бесеуі Оралда, бесеуі Ақсай қаласында. Осы арқылы әр тұрғын қолжетімді қызмет түрлерін ала алады, – деді БҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Мирхан Әженов.