БҚО-да полиция қызметкерлері ұрланған 10 жылқыны иесіне қайтарып берді
БҚО-да полиция қызметкерлері ұрланған 10 жылқыны иесіне қайтарып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға өткен жылы желтоқсан айында болған. 2022 жылдың 26 желтоқсанында Бөкейордасы ауданының полиция бөліміне 43 жастағы Н. есімді азамат хабарласып, еркін жайылымнан 1 және 3 жастағы 14 жылқысын айдап кеткені туралы арызданған. Шығын 5 миллион теңгеден астам қаражатты құрады.
БҚО ПД криминалдық полиция қызметкерлері Бөкейорда полицейлерімен бірге аталған қылмыстың бетін ашты.
Аталған қылмысты жасаған 34 жастағы күдікті Бөкейордасы ауданының тұрғыны екені анықталды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері БҚО Бәйтерек және Тасқала аудандарының тұрғындарына 10 жылқыны сатқанын, ал қалған 4 жылқыны сойып, етін Орал қаласына әкеліп сатқанын анықтады.
Айта кету керек, жылқылардың иесі оларды анықтайтын белгісі арқылы таныған. Ұрланған 10 бас жылқы тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оның осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр