БҚО-да пробация есебіндегі азаматтар арасында спорттық жарыстар өтті
БҚО-да пробация есебіндегі азаматтар арасында спорттық жарыстар өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында пробация есебінде тұрған, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға тартылған азаматтар арасында қолкүрес және үстел теннисі бойынша спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Іс-шараға ауданның шалғай ауылдық округтерінен келген азаматтар да белсенді қатысты. Қашықтыққа қарамастан, қатысушылар жарысқа жоғары қызығушылық танытып, өзара әділ әрі тартысты бәсеке өрнегін көрсетті. Бұл олардың салауатты өмір салтына деген ынтасы мен оң өзгеріске деген ұмтылысын айқын аңғартты.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жеңімпаз және жүлдегер атанып, бағалы сыйлықтармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Аталған іс-шара "Жан-Демеуші" қоры және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығымен бірлесе ұйымдастырылды. Мұндай бірлескен бастамалар пробация есебінде тұрған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне, олардың құқықтық санасын қалыптастыруға және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Спорттық жарыстар – тек дене шынықтыруға бағытталған шара ғана емес, сонымен қатар азаматтарды заңға бағынуға, тәртіпті сақтауға және қоғаммен тығыз байланыс орнатуға тәрбиелейтін маңызды құрал.
Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
