БҚО-да пробация есебіндегі азаматтарды қолдау шаралары жүргізілді
Бәйтерек ауданында пробация есебіндегі азаматтарды қолдау шаралары жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйтерек ауданының мансап орталығы мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, аудан прокуратурасы, полиция бөлімі, Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №1 және №2 пробация қызметі және жеке сот орындаушыларының қатысуымен биыл 4 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және “Ашық есік” күндері өткізілді. Бұл іс-шаралар аудан аумағындағы қылмыстық жазасын өтеп шыққан және пробация есебінде тұрған азаматтарды, алимент төлеуден борышкер саналатын тұлғаларды қолдауға бағытталды.
Жыл басынан бері аудандық мансап орталығына 34 адам жүгініп, олардың ішінде:
Әлеуметтік жұмыс орнына – 1 адам жолданды;
Тұрақты жұмысқа – 17 адам орналастырылды;
Ақылы қоғамдық жұмысқа – 7 адам жіберілді;
“Бастау Бизнес” жобасы бойынша – 5 адам сертификат алды;
1 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке ие болды.
2024 жылға жоспарланған квота толық орындалып, мақсатты санаттағы азаматтардың барлығы жұмыспен қамтылды.
Бұл бастамалардың негізгі мақсаты – пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмыс берушілермен кездестіру, мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтарын түсіндіру, тұрақты жұмысқа орналастыру арқылы оларды қоғамға бейімдеу және қылмыстың алдын алу.
Бәйтерек ауданында осындай әлеуметтік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы.