БҚО-да пробация қызметі рухани-танымдық шара өткізді
5 желтоқсанда Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде ерекше рухани-танымдық шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны «Ізгілік» қоғамдық бірлестігі мен Қаратөбе аудандық пробация қызметі бөлімі бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға қоғамдық ұйымдардың өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қатысты.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Қыдырашев, Қаратөбе ауданы прокуратурасының аға прокуроры И.Нұрғалиев, аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы А.Сайнов, сондай-ақ аудандық «Мансап» орталығының маманы Е.Жайымов сөз алып, қоғамдағы тәртіптің маңызы мен адал еңбектің қадір-қасиетін түсіндірді. Сонымен қатар мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар мен заң аясындағы құқықтар туралы жан-жақты мағлұмат берілді.
– Бүгінгі шараның форматы ерекше. Мақсаты – қоғам тыныштығын сақтау және әр азаматтың өз қателігінен сабақ алып, оны қайталамауға үндеп, қоғамның ажырамас бір бөлігіне айналуына ықпал ету, – деді «Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әмірбек Әлібекұлы.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Рамазан өз сөзінде: – Қателік жасамайтын адам болмайды, бірақ бастысы – сол қателіктерден сабақ алып, оларды қайтадан болдырмау, – деп, қоғамдық тәртіптің сақталуының маңыздылығын атап өтті.
Шара аясында пробация қызметінің есебінде тұрған аз қамтылған бес отбасыға қайырымдылық қоржындары таратылды. Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, рухани шараға орай туған жерге арналған әндер тарту етілді.
Мұндай игі бастамалар ауданның әлеуметтік мәселелерін шешуге ғана емес, азаматтарды қоғаммен етене араласуға шақыруға бағытталған. «Қаратөбе – кіндік қаным тамған жерім» атты шара ауданның рухани дамуына өз үлесін қосты.