Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да "Қарасора-2025" операциясы: екі айда 56 есірткі құқық бұзушылығы әшкереленді

БҚО-да полицейлер екі айда 56 есірткі құқық бұзушылығын әшкереледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.

1 маусым мен 31 қазан аралығында Батыс Қазақстан облысында "Қарасора-2025" кең ауқымды жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның мақсаты – құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіруді және тарату жолдарын жою, сондай-ақ есірткі айналымына қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін тоқтату.

Іс-шара басталғалы екі ай ішінде 56 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 20 – қылмыстық құқық бұзушылық, 36 – қылмыстық теріс қылық. 20 қылмыстық істің санаттары мынадай: 9 – есірткі сату фактісі, 8 – тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру, 2 – есірткіні контрабандалау, 1 – есірткі тұтынуға арналған притон ұйымдастыру. Жалпы көлемі шамамен 15 келі марихуана тәркіленді.

Атап айтқанда операция барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Орал қаласының 31 жастағы тұрғынын ұстады. Жеке тінту кезінде оның қалтасынан жасыл изолентаға оралған 9 орама табылды. Олардың ішінде ерекше иісі бар ақ түсті зат болған. Бұдан бөлек, жасырылған орындардан осындай тағы 2 орама тәркіленді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция департаменті "Заң және тәртіп" шеңберінде есірткі қылмыстарын анықтау, жолын кесу және алдын алу жұмыстарын жалғастыруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру