Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да ҚАЖД мекемесіне тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеті әшкереленді

БҚО бойынша ҚАЖД-ға қарасты №27 түзеу мекемесіне тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеті әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

4 сәуір күні №27 түзеу мекемесінде ұзақ мерзімді кездесуге әкелінген азық-түлікті тексеру барысында тыйым салынған заттарды мекеме аумағына алып өтуге талпынған әрекет дер кезінде тоқтатылды.

Кездесуге келген азаматша Д. азық-түлік салынған себет арқылы мекемеге роутер мен құлаққапты жасырын кіргізбек болған. Алайда бұл заттар мекеменің ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес қатаң түрде тыйым салынған. Тексеру кезінде аталған заттар мекеме қызметкерлерінің қырағылығының арқасында анықталып, тәркіленді.

Оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы 1-бөлігі (Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттарды беру (беруге тырысу) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Құжаттар әрі қарай қарау үшін тиісті уәкілетті органдарға жолданды.

Мекеме әкімшілігі азаматтарға қамаудағы адамдармен кездесулер барысында орнатылған тәртіп пен ережелерді қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасау — ішкі тәртіпті бұзумен қатар, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелетін құқық бұзушылық болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру