БҚО-да ҚАЖД қызметкерлері ардагерге құрмет көрсетті
БҚО-да ҚАЖД-ға қарасты №74 мекемеде ардагерді Халықаралық қарттар күнімен құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық қарттар күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД №74 мекемесінің бастығы Серік Майданұлы Теректі ауданының Подстепное ауылына арнайы барып, ардагер Татьяна Бондаренконы мерекемен құттықтады.
Аға прапорщик Татьяна Дмитриевна 1990–2007 жылдар аралығында аталмыш мекеменің режим және күзет бөлімінде аға бақылаушы, кейін фотодактилоскопист қызметтерін атқарды. Ол өзінің жауапкершілігімен, адалдығымен және кәсібилігімен әріптестеріне үлгі бола білді. Бүгінде зейнеткерлікке шыққан ардагер бау-бақша күтіп, еңбегінің жемісін көруде.
Кездесу барысында Татьяна Дмитриевна қызметтік жолындағы қызықты сәттерін еске алып, ізгі тілектерін жеткізді. Өз кезегінде Серік Майданұлы ардагерге жылы лебізін білдірді:
– Ардагерлеріміз – елге адал қызмет етудің айқын үлгісі. Сіздер егемен еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қостыңыздар. Бүгінде де жас буынға ақыл-кеңес беріп, өмірлік тәжірибелеріңізбен бөлісіп келесіздер. Деніңізге саулық, ғұмырыңызға береке тілеймін. Қарттар күні құтты болсын, – деді ол.