Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да ҚАЖД қызметкерлері игі іске ұйытқы болды

БҚО-да ҚАЖД қызметкерлері игі іске ұйытқы болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қан — адам өмірін құтқаратын жалғыз әрі алмастырылмайтын биологиялық ресурс. Жарақат, күрделі операция, босану, ауыр аурулар кезінде әр сәт санаулы. Сол кезде бір адамның ерікті түрде тапсырған қаны — екінші бір жанның өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Қан тапсыру — бұл үлкен батырлық болмаса да, адамгершілік пен жанашырлықтың көрінісі. Осы орайда, Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері бұл игі істі дәстүрге айналдырған. Жақында өткен донорлық акция барысында 30 қызметкер белсенді түрде қатысып, қан тапсыру арқылы көмекке мұқтаж жандарға үміт сыйлады.

— Қан тапсыру — әр азаматтың адамгершілік парызы. Біздің қызметкерлер бұл істі жүрек қалауымен атқарып келеді. Әр тамшы қан — бұл біреудің үміті мен амандығы. Біз қоғамға нақты пайда келтіріп, нағыз жанашырлықты көрсеткіміз келеді, - дейді №27 мекеменің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ерлан Айберстиев.

Мұндай шаралар қызметкерлер арасында жақсы дәстүрге айналып келеді. Жыл сайын қан тапсыруға ниет білдірушілер қатары артып отыр. Бұл — елге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің айқын белгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру