Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да сотталғандар Абай Құнанбайұлының шығармаларын оқудан жарысты

БҚО бойынша ҚАЖД-да қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармаларын оқудан байқау өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты  №28 мекемесінде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармаларын оқу байқауы өтті. Іс-шара кешкі мектеп оқытушыларымен бірлесіп ұйымдастырылып, сотталғандарды ұлттық мәдени мұраны тереңірек тануға, әдебиетке деген қызығушылығын оятуға бағытталды.

Байқау ерекше жылы әрі зияткерлік атмосферада өтті. Қатысушылар Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқып қана қоймай, ақынның шығармашылығындағы терең мағынаны ұғынуға, оның философиялық ойларын өз түсініктері арқылы жеткізуге тырысты. Қазылар алқасы үміткерлерді мәнерлілік, мәтінді терең түсіну және орындау шеберлігі сынды критерийлер бойынша бағалады.

Тәрбие бөлімінің бастығы, әділет капитаны Әміржан Нағметов мұндай іс-шаралардың сотталғандардың рухани дамуына оң ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша әдебиетке бет бұру – өмірлік құндылықтарды қайта қарастырып, оң көзқарас қалыптастырудың бір жолы.

Кешкі мектеп оқытушысы Қайырболат Даутов та Абай шығармаларын оқудың маңыздылығына тоқталып, оның туындылары адамзатқа даналық, адалдық пен білімге деген ұмтылысты насихаттайтынын жеткізді.

Байқауға қатысқан сотталғандар бұл шара олардың өзін жаңа қырынан танытуына, Абай мұрасына тереңірек бойлауына мүмкіндік бергенін мойындады. Жеңімпаздар арнайы грамоталар және алғыс хаттармен марапатталса, байқау барлық қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Ұйымдастырушылар бұл игі дәстүрдің жалғасын табарына сенім білдіріп, сотталғандардың қазақ әдебиеті мен мәдени мұрасын одан әрі зерделей беретініне үміт артты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру