БҚО-да сотталғандар арасында “Білімдіге дүние жарық” атты интеллектуалдық сайыс өтті
БҚО-да сотталғандар арасында “Білімдіге дүние жарық” атты интеллектуалдық сайыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
БҚО бойынша ҚАЖД-ға қарасты N 27 мекемесінің теологиялық оңалту жұмыстары жөніндегі инспекторлары БҚО “Ақиқат” қоғамдық қорымен бірлесіп, деструктивті діни ағымдар, экстремизм және терроризм бойынша сотталғандарды теологиялық оңалту және Қазақстан қоғамының құндылықтарына бейімдеу мақсатында “Білімдіге дүние жарық” атты интелектуалды сайыс өткізді.
Шараға 16 сотталған қатысып, олар 4 топқа бөлініп, әрқайсысы өз тобына атау берді. Сайыс барысында қатысушылар діни сұрақ-жауап бөлімінен бөлек, әдебиет және салт-дәстүрлерден де мүдірмей өтті.
Қатысушылардың арасында Абай атамыздың сегіз жол өлеңін жатқа айтып бергендер болды, ал бірқатары “Отан, Туған жер” тақырыбында мақал айтып, қазақтың салт-дәстүрлері – көрісу, тұсау кесер, сүндет той туралы өз білімдерін әділ қазылар алқасына ашып түсіндірді.
Сайыс қорытындысы бойынша 290 ұпай жинаған “Жаңақала” тобы жеңімпаз атанды. Жарысқа қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен дипломдар табысталды.
Қатысушылар сайыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, кейін “Ақиқат” қоғамдық қорының теолог қызметкерлерінен осындай сайыстардың тағы да қашан өтетінін сұрады.