БҚО-да студент жастар ата-аналарын интернет алаяқтарынан сақтануға шақырды
БҚО-да студент жастар ата-аналарын интернет алаяқтарынан сақтануға шақырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысында "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында киберқылмысқа қарсы профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр. Осы мақсатта полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттерімен кездесу өткізді.
Шара барысында полиция қызметкерлері интернеттегі алаяқтықтың кең тараған түрлерін түсіндіріп, жеке деректерді қорғаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ бейтаныс сілтемелерге өтпеу, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу сынды қауіпсіздік ережелерін еске салды.
Кездесуден кейін студенттер өз ата-аналарымен хабарласып, алған білімдерімен бөлісті. Олар интернеттегі алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдарын айтып, сақтық шараларын ұсынды. Бұл бастама жастардың киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және жауапкершілігін арттыруға үлес қосуда.
БҚО полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы азаматтарды интернет кеңістігінде сақ болуға, күмәнді ұсыныстар мен бейтаныс тұлғалардан келген хабарламаларға сенбеуге шақырады.
Киберқауіпсіздік – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.