БҚО-да студенттерге арналған құқықтық-профилактикалық кездесу өтті
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің студенттерімен профилактикалық бағыттағы түсіндіру дәрісін өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның басты мақсаты - жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және заң бұзушылықтарға жол бермеудің маңызын түсіндіру. Кездесу барысында полиция қызметкерлері есірткі құралдарын қолданудың адам денсаулығына тигізер зияны мен олардың заңсыз айналымы үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы кеңінен мәлімет берді.

Сонымен қатар студенттерге заңға қайшы әрекеттердің, оның ішінде жасырын тасымалдаушы ретінде қосымша табыс табудың ауыр құқықтық салдарға әкелетіні ескертілді. Мұндай әрекеттердің болашаққа балта шабатыны, адам тағдырына орны толмас зардап әкелетіні нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Дәріс барысында нақты тәжірибелік деректерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда 2025 жылы Батыс Қазақстан облысында есірткі заттарын жасырын жолмен таратумен айналысқан 26 адам құқық қорғау органдары тарапынан ұсталғаны айтылды.

Кездесу соңында полиция өкілдері заң талаптарын сақтаудың, өмірлік жолды саналы таңдаудың және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтті. Ашық диалог форматында өткен дәріс барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарына тұшымды жауап алды.
