Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да жыл басынан бері балалардың қатысуымен 46 ЖКО тіркелді

БҚО-да жыл басынан бері балалардың қатысуымен 46 жол-көлік оқиғасы тіркелген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы уақытта облыс жолдарында кәмелетке толмағандардың басқаруындағы көліктермен орын алған жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті, нәтижесінде өліммен аяқталған оқиғалар да болды.

Мәселен 1 сәуірде Орал қаласында кәмелетке толмаған жүргізуші Lada 219220 автокөлігін басқарып, Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы аялдаманың жанында 37 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Нәтижесінде жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші ауруханада қайтыс болды.

Сондай-ақ 11 мамырда Ақсай қаласында кәмелетке толмаған жасөспірім Suzuki автокөлігімен 3 жасар баланы қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бала ауруханада көз жұмды.

27 мамыр күні кешкі уақытта Орал қаласында Л.Чайкин және Көкшетау көшелерінің қиылысында скутер мен Hyundai автокөлігі соқтығысқан. Нәтижесінде скутердің кәмелетке толмаған жүргізушісі мен жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.

Барлық фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша апатқа қатысушылардың әрқайсысының кінәсі анықталады.

Барлық фактілер ата-аналар мен заңды өкілдер тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан орын алуда. Олар қылмыстық іс аясында жауапкершілікке тартылады.

Айта кету керек, биылғы жылдың басында облыс бойынша 228 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 27 адам қаза тауып, 318 адам жарақат алды. Балалардың қатысуымен 46 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның ішінде төрт бала қаза тауып, 54-і түрлі дене жарақаттарын алған.

Осыған байланысты БҚО полиция департаменті жүргізушілерге және жас жаяу жүргіншілерге аса мұқият болу қажеттілігін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру