Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-дағы түзеу мекемесінде "Абай - ұлы, Абай - дана" атты мәдени іс-шара өтті

БҚО-дағы түзеу мекемесінде "Абай - ұлы, Абай - дана" атты мәдени іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақ халқының ұлы перзенті, ақын, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №27 мекемесінде жазасын өтеушілер арасында "Абай - ұлы, Абай - дана" атты мәдени іс-шара ұйымдастырылды.

Шараны мекеменің тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмысы бөлімінің қызметкерлері мен кешкі мектеп мұғалімдері бірлесіп өткізді. Жиынды кешкі мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Елдос Шатаев ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде Абайдың "Толық адам" ілімі жан-жақты білім мен рухани кемелдікті талап ететінін атап өтті.

— Абай шығармашылығы – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мәдени мұрасы. Қазақты әлемге танытқан да, даналығын паш еткен де – Абай. Оның жырлары адамзаттық құндылықтарды насихаттай отырып, бүкіл халықаралық қауымдастықтың игілігіне айналған, – деді орыс тілі пәнінің мұғалімі Бахрам Рахманов өз сөзінде.

Шара барысында жазасын өтеушілер арасында Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқу сайысы өтті. Ақынның бірнеше өлеңін жатқа оқып, ерекше өнерімен көзге түскен М. Байбатыров қазылар алқасы мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды.

Іс-шара соңында жазасын өтеушілер мен қазақ тілі пәнінің мұғалімі Елдос Шатаев қазақтың дәстүрлі аспабы домбыраның сүйемелдеуімен Абайдың "Көзімнің қарасы", "Желсіз түнде жарық ай" сынды әндерін орындады. Жиналғандар Абай шығармашылығын кеңінен насихаттау қажеттігін айтып, шара жоғары деңгейде қорытындыланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру