Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО ПД бастығы БАҚ өкілдерімен кездесіп, баспасөз-конференциясын өткізді

БҚО ПД бастығы Арман Оразалиев БАҚ өкілдерімен кездесіп, баспасөз-конференциясын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесуде көтерілген мәселе – соңғы уақытта өңірде орын алған жол-көлік оқиғалары. Ол өз баяндамасында статистикалық мәліметтерге тоқтала отырып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арқылы көлік иелері мен жүргізушілерді жол үстінде сақтық шараларын қолдануға шақырды.

– Мен бүгін сіздерді жинап, сіздер арқылы облысымыздың тұрғындарына, әсіресе жүргізушілерге жолдағы апаттылықтың күрт өсіп отырғанын жеткізгім келеді. Осы өткен 10 күн ішінде облысымыздың автожолдарында 11 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 12 адам қаза тапты, 21 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды. Бұл дегеніміз өткен жылдың 2 айында болған жол-көлік оқиғаларымен тенесіп отыр. Мен бұл бойынша жол қауіпсіздігінде төтенше жағдай орын алып отыр деп есептеймін. Мұндай жағдай соңғы 20 жылда болмаған. Мысалы, 5 қаңтарда Орал қаласына іргелес жатқан Ветелки ауылында автокөлікке шананы тіркеп сырғанауды ойынға айналдырған  жасөспірімдеріміз, тіркемеде отырған 17 жасар қыз баланың қаза табуына себепші болып отыр.

6 қаңтарда Орал қаласында Окружное шоссе айналма жолында 3 автокөліктің қатысуымен жол апаты болып, салдарынан 1 адам қаза тапты. 7 қаңтарда Орал – Атырау республикалық маңызы бар автожолының 62 шақырымында Chevrolet Nexia автокөлігінің жүргізушісі қарсы келе жатқан Toyota Ipsum автокөлігіне соқтығысты, салдарынан 3 адам қаза тауып, 8 адам дене жарақаттарын алды. Аталған екі жол-көлік оқиғасы интенсивті жол бөлігінде орын алып отыр. Сол күні Казталов – Жәнібек автожолында, ВАЗ-2110 автокөлігінің жүргізушісі қарсы келе жатқан Chevrolet Lacetti автокөлігімен соқтығысты, салдарынан1 адам қаза тапты. Бұл жол апаттарының барлығы жүргізушілердің қарсы жолаққа шығып кеткендіктен болған, оған дәлел бейнежазбалар.

Облыстағы барлық республикалық маңызы бар автожолдарда патрульдік полиция қызметкерлерімен патрульдеу жүргізіледі. Жүргізушілердің көпшілігі патрульдік автокөлікті көрген кезде жылдамдықты азайтып, жол ережесі талаптарын сақтайды, ал одан кейін талаптарды сақтамай жол апаттарын жасап жатыр. Бұл жерде әрбір шақырымға патрульдік полиция экипажын қою мүмкін емес. Ең басты  мақсат – жүргізушілерге айыппұл салу емес, керісінше жол апаттарын алдын алу, ескерту, профилактикалық жұмыстар жүргізу. Жалпы республикалық маңызы бар автожолдарға күнделікті 47 патрульдік автокөлік шығып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұның ішінде 3 «Кибершериф» автоматты режимде жұмыс істейтін жүйесі бар және биыл тағы осындай 17-сін алу жоспарда бар.

Күнделікті шамамен 100-150 әкімшілік хаттамалар толтырып, 500 мыңнан -1,5 млн теңге арасында айыппұлдар салынады. Тағы бір жол апаты кеше Чапай – Жаңақала – Сайхын облыстық маңызы бар тас жолының 103-ші шақырымында  орын алды, салдарынан 5 адам қаза тапты, бір отбасы мүшелерінің өмірлері қиылды және кішкентай 1 сәби дене жарақатын алып ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл жерде де жүргізуші қарсы жолаққа шығып кетіп қарсы бетте келе жатқан көлікке соқтығысып отыр. Сонымен қатар автокөліктің дөңгелегі қысқы шинаға ауыстырылмаған, яғни жазғи шинамен жүрген. Бұл жерде полиция департаментінің қараша айынан бастап жүргізушілерге қыс уақытысында (желтоқсан-наурыз айлары) көліктерінің шиналарын қысқы дөңгелекке ауыстыру туралы хабарламалар жүргізді және жазғы дөңгелекпен жүргені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 5-бөліміне сай, көліктің техникалық жағдайы талапқа келмеген жағдайда 5 АЕК қарастырылған, немесе 18,460 теңге айыппұл салынады.    

 2023 жылы 445 жол-көлік оқиғасы болды, оның салдарынан 107 адам қаза тапты, 540 адам әр түрлі дәрежедегі жарақат алды. Жол апаттарының негізгі себептері – маневр жасау қағидаларын бұзу, жылдамдық режимін асыра пайдалану, – дейді БҚО ПД бастығы Арман Оразалиев. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру