Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО ПД музейінде ерекше жәдігерлер сақталған

Батыс Қазақстан облысында Полиция департаментінің музейі өзінің экспонаттар тарихын таныстыруды жалғастыруда. Музейге келушілердің назарына ерекше жәдігер – «Фотоснайпер» құрылғысы ұсынылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл ерекше экспонатты музейге Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің Жедел криминалистикалық басқармасы бастығының орынбасары Қазбек Мұхамедьяров тапсырған болатын. «Фотоснайперді» 2000 жылдары Теректі ауданының криминалистикалық қызметкерлері жұмыс барысында пайдаланған. Бұл деректі ішкі істер органдарының ардагері Талғат Рахметов пен оның әріптестерінің сол кездегі фотосуреттері растайды.

Тарихқа үңілсек, «Фотоснайпер» құрылғысы Ресейдің Красногор механикалық зауытында 1981-1990 жылдар аралығында жасалған. Бұл зауыт оптика, ғарыш және әскери қорғаныс салаларына арналған жабдықтар өндірісімен танымал болған. Құрылғы қашықтықтан жоғары сапалы фотосуреттер түсіру мақсатында әзірленген. Ал оның алғашқы нұсқасы – 1937 жылы Кеңес Одағының «ФЭД» фотоаппараты негізінде жасалған «Таир» объективі бар жүйе. Кейін 1952 жылы бұл құрылғы жетілдіріліп, ФС-2 индексімен жаппай қолданысқа шыққан.

«Фотоснайпер – 12» үш негізгі бөліктен тұрады: «Зенит-12С» фотоаппараты, ұзын фокусты «Таир-3С» объективі, сондай-ақ іске қосу механизмі мен иыққа арналған тірегі бар арнайы тұтқасы. Құрылғы темір қорапқа салынған, бұл оны қауіпсіз тасымалдауға және ұзақ уақыт пайдалануға мүмкіндік берген.

Айта кету керек, «Фотоснайпер» көпшілікке танымал болған құрылғы. Оның бейнесін «Простоквашиноның демалысы» мультфильмі арқылы білеміз: кейіпкер Шариктің қолында дәл осы ФС-2 фотомылтығы бейнеленген.

Кезінде полицияның криминалистикалық қызметкерлері үшін таптырмас құрал болған бұл құрылғы бүгінгі күні музей экспонаттарының қатарынан лайықты орнын тапты. Фотоснайпер – уақыт өте келе технологиялардың дамуын көрсететін, өткен дәуірден сыр шертетін құнды жәдігер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру