БҚО ПД қызметкерлері алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді айқындады
Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінде 9 айда атқарылған жұмыс қорытындысы шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінде департамент бастығы Арман Оразалиевтің төрағалығымен кеңейтілген жедел кеңес өтті. Жиында 9 айындағы жедел-қызметтік қызметтің нәтижелері қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды.
Кеңес жұмысына департамент бастығының орынбасарлары, қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің, сондай-ақ қызметтердің басшылары қатысты.
Жиын барысында негізгі қызмет бағыттары бойынша есептер тыңдалды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу, полиция бөлімшелерінің тиімділігін арттыру және өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыс аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 4,9% азайғаны атап өтілді. Қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстардың да төмендегені байқалады. Аса ауыр қылмыстар – адам өлтіру, тонау, бөтен мүлікті ұрлау, соның ішінде пәтер, қалта, автокөлік және телефон ұрлығы азайған.
Заңсыз айналымнан 233 келіден астам есірткі заты тәркіленді.
ПД бастығы Арман Оразалиев өз сөзінде профилактикалық жұмысты жандандыру, киберқылмыстарға қарсы күресті күшейту, жеке құрам арасында тәртіпті қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықпен өзара іс-қимылды нығайту мәселелері жеке қаралды. Департамент басшысы қоғамда "Заң және тәртіп" және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидаттарын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ кеңес барысында ІІМ-де өткен кеңейтілген алқа отырысының қорытындылары талқыланды. Министр ішкі істер органдарының негізгі басымдықтарын атап өтті – халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, жастар арасында құқықтық сауаттылықты қалыптастыру және полицияға деген сенімді нығайту.
Кеңес қорытындысы бойынша департамент бастығы нақты тапсырмалар беріп, алдағы уақыттағы негізгі бағыттарды айқындады. Кеңес барысында көтерілген бірқатар өзекті мәселе ерекше бақылауға алынды.