БҚО полицейлері микроқаржы ұйымдарының бірін тонаған азаматты «ізін суытпай» ұстады
БҚО полицейлері микроқаржы ұйымдарының бірін тонаған азаматты «ізін суытпай» ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Орал қаласының 39 жастағы тұрғыны халыққа ақшалай қарыз беретін микроқаржы ұйымдарының бірін тонап кеткен.
– 1 маусым күні Орал қаласы микроқаржы ұйымдарының бірінің кассирі полиция департаментінің кезекші бөліміне қоңырау шалып, сағат 15:36-да үстіне камбинезон киген белгісіз ер адам кеңсеге баса-көктеп кіріп, тапанша тәрізді затпен қорқытып, оған кассада бар ақшаны беруді талап еткендігін айтты. Қорыққанынан кассир оған ақшасын берген, содан кейін шабуылдаушы оқиға орнынан қашып кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде БҚО ПД полиция қызметкерлерімен жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп, қылмысқа барған азамат анықталып, ұсталды.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 192-бабы 1-бөлігі (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді, – деп оқиғаның егжей-тегжейін хабарлады БҚО полиция департаменті.
Ұсталған адам Орал қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Мән-жайларды анықтау барысында аталған Б. есімді азамат бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Ол кассирді қорқытқан зат, яғни мылтық ойыншық болып шықты. Ұсталғанның айтуынша, ол бұл қылмысты жасауға қарыздарынан құтылу үшін барған.