БҚО полицейлері саяжай шатырында есірткі зертханасын ұйымдастырған азаматты ұстады
БҚО полицейлері саяжай шатырында есірткі зертханасын ұйымдастырған азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі анықталды.
Тексеру барысында 49 жастағы азаматтың саяжай үйінің шатырында есірткі зертханасын жабдықтап, тыйым салынған өсімдіктерді өсіргені белгілі болды.
Шатырда орналасқан есірткі зертханасынан полиция қызметкерлері 37 ыдыста егілген ерекше иісі бар, жасыл түсті өсімдіктерді (сыртқы түрі қарасораға ұқсас) тапты. Сонымен қатар жарықтандыруға арналған 14 шам, желдету жүйесі, екі термометр және тыңайтқышқа арналған 15 бөтелке сұйықтық табылды.
Сарайларды тінту барысында да жасыл түсті, өсімдік тектес заттар салынған үш пакет және шегуге арналған темір құрылғы тәркіленді. Дәретхана бөлмесінде тағы да есірткі өсімдігіне ұқсас кептірілген 8 бұта, өсімдік тектес заттар салынған 2 пакет, 6 пластикалық стақан, үш жұмыс істемейтін желдеткіш кулер және жарықтандыру жүйесінің элементтері табылды.
Тәркіленген заттардың барлығы сараптамаға жіберілді, ал аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.